Ауылымыздың аумағы күн сайын, көркейіп келе жатқаны баршаңызға белгілі. Әсіресе, оңды өзгерістерге алғашқы болып жағымды бағасын беретін туған өлкесін ыстық көріп, заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бейім болуына жастардың қосып жатқан үлестері бар екені анық. Олардың ауылымызға деген жайлылық пен жылылық сыйлаған тындырымды жұмыстарының нәтижесі бірден байқалды.

Бүгінгі күні «Туған жерге туыңды тік» марафонын жалғастыра отырып, ауылымызды көркейту бағытында, білім ұясынан осыдан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округі, Қайнар елді мекенінің «Қайнар» жалпы орта мектебінің шәкірттері ыстық ұясына оралып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлестерін қоса отырып, ауылға құны 2,5 млн. теңге құрайтын, ауылдың атауы жазылған кіреберіс қақпа орнатып, арнайы ашылу салтанатты іш шарасын өткізді.

Игі бастамаға ұйытқы болған жастар, өздерінің бүгінгі жеткен жетістіктері мектептен алған білімі мен тәрбиенің арқасы деп біледі. Мектептен түлеп ұшқан азаматтар жылдар жылжыса да, өнегелі іс жасап, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Ауылға қамқор болған түлектердің игі істері келешек ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Айта кету керек, азаматтық іс жасаған түлектердің, балалары да осы мектепте білім алады. Келешекте олар да ата-аналары салған сара жолмен жүріп, тәрбиелі тұлға болып қалыптасады деген сенімдеміз.

Атаулы шараға ауыл әкімі Мақсат Болысбекұлы, ауыл ақсақалдары, ауыл тұрғындары қатысып, 2001 жылы мектеп бітірген түлектерге ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырып, ізгі тілектерін айтты.

Ауылымызда осындай үлгі боларлық игі істер жалғасын тауып келеді. Олар туралы алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *