Төлеби ауданындағы «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемесіне Израиль мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Лиат Вексельман ханым арнайы іс-сапармен келді. Елші жанына «Нетафим» компаниясының өкілі Станислав Медведевті ертіп келіп, тамшылатып суару әдісінің мүмкіндіктері жөнінде әңгімеледі. Кездесуге Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев қатысты.

Л.Вексельман Түркістан облысына сапарын облыс орталығынан бастап, Түркістан қаласындағы М.Әбенов атындағы мектепке барып, білім ордасына ноутбуктар табыстады. Кейіннен Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылына келіп, Израиль технологиясымен тамшылатып суару жүйесін орнатуға демеушілік көрсетті.
— Қазақстан Республикасындағы Израиль мемлекетінің Елшілігінің бастамасымен «Нетафим» компаниясы Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылына тамшылатып суару жүйесін сыйға тартуды жөн көрдік. Балаларды еңбекке баулып, олардың көкөніс өнімдері мен жемістерді өз қолымен баптап өсіріп, табиғи таза өнімдерді тұтынуына жол ашу мақсатында осы әдісті орнатуға демеушілік етіп отырмыз. Тәрбиеленушілердің агроном мамандығына қызығушылығы да артады. Олар ертең бұл үйден кеткен соң, үлкен өмір жолына түседі. Балалар кішкентайынан жерді күтіп-баптап, дихан жұмысын терең меңгерсе, еш қиналмай өзіне жұмыс табады,- дейді Лиат Вексельман.
Балалар ауылының тұрғындарына Израильдің «Нетафим» компаниясы 7 соттық арнайы жерге қияр егіп, оны тамшылатып суару әдісімен күтіп-баптауға мүмкіндік берді.

— Израиль жері Қазақстан аумағы секілді шөлді мен далалық аумақ болып келеді. Яғни жердің жартысы шөлді және шөлейтті. Тіршілік нәрін үнемдеп қолдану арқылы көп өнім алу әдісін ең бірінші қолданысқа Израиль мемлекеті ендірді. Тамшылатып суару әдісі арқылы өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды біркелкі етіп жіберуге болады. Ал, бұл әдісі арқылы құбырлар топырақ үсті немесе асты арқылы орналастырылады. Қазіргі кезде Қазақстан аумағының 30 мыңнан астам гектар жеріне осы әдісті қолданып, суару жүйесін енгіздік,- дейді «Нетафим» компаниясының өкілі Станислав Медведев.
Іс-сапар соңында Лиат Вексельман ханым отбасы үлгісіндегі балалар үйінің естелік кітабына өз жылы лебізін, ізгі тілектерін жазып қалдырды.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *