Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев әкімдік ғимаратында жеке қабылдау өткізді. Аудан әкімінің қабылдауында болған аудан тұрғындары өздерін мазалап жүрген мәселелерін жеткізді. Қабылдау барысында аудан басшысы тұрғындардың арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер жер, тұрғын үй, жол, ауыз су саласына қатысты болды. Аққұм ауылдық округ тұрғыны Бекеева Қарагөз жер мәселесіне қатысты сұрақтар қойса, осы округ тұрғыны Абдукаримов Алмасбек «Ащы» көшесіне жол жөнделіп, асфальт төселсе деген өтінішін жеткізді. Ленгір қаласының тұрғыны Түгелова Мөлдір «Самал» мөлтек ауданының жағдайын баяндап, жолды жөндеп беруді сұранды. Қала тұрғыны Бекмурзаева Гулшарат ұлы Уристемов Асылхан тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде кезекке тіркелгенін, қазіргі кезде кезегі жылжып, №749 болғанын айтып, пәтер бөлуді сұранды. Киелітас ауылдық округ тұрғыны Ажибаева Жанар ауыз су сапасының нашар екендігін, жолдардың тозығы жеткенін, көшелерге күл-қоқыс тасталатынына шағымданды. Көксәйек ауылдық округ тұрғыны Мұздыбаева Гульмира Жіңішке елді мекенінде ауыз суға су есептегіш құралын орнатса деген ұсынысын айтты. Себебі, ауылға бұлақтағы су жеткілікті мөлшерде берілгенімен, ауылдың төмен жағында орналасқан тұрғын үйлер суды көп мөлшерде тұтынуына байланысты, бұлаққа жақын орналасқан 5 үйге ауыз су жетпеуде. Тұрсынбаева Мадинаның анасы келіп, қызының әлеуметтік аз қамтылған отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде екенін айтып, үй бөлуге көмек беруді өтінді.

Қабылдауға келген азаматтардың өтiнiштерiн мұқият тыңдаған аудан басшысы олардың тарапынан айтылған мәселелердiң заңдылығына сәйкес, оңтайлы шешiмiн табуы үшiн тиiстi жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді. Тұрғындар мәселесіне қатысты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,74 баптарына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер белгіленген тәртіппен және кезек ретімен берілетінін түсіндірді.
Ешкімге кезексіз үй берілмейді. Заңда көрсетілген санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтардың құқығы бірдей болғандықтан, ешкімге артықшылық жасалмайды. Кезекке тұру үшін заңда көрсетілген санаттардың біріне енуі (ҰОС ардагері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағы азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер және жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар, жалғыз басты ана немесе әке ) және соңғы бес жылда өз атына тұрғын үй тіркелмеуі керек. Осы санаттағы азаматтарға ғана баспана заң аясында, белгілі тәртіппен ғана берілетінін ескертеміз!

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *