Төлеби ауданы Тасарық ауылдық округі Ханарық елді мекенінде бүгін үлкен қуаныш, мереке. Халық сарыла күткен табиғи газ қосылып, ауыл тұрғындары шат-шадыман.
Елді мекенде 247 үй, 1687 тұрғын бар. Табиғи газ – 222 тұрғын үйге тартылды. Қаз ТрансГаз Аймақ мекемесі арқылы есепшот ашқан жағдайда қалған үйлер алдағы уақытта көгілдір отынға қосылады. Ауылға орталық газ құбырын Star Stroi ЖШС-і тартса, көгілдір отынды үйлерге «Юкс», «Орион –Р» ЖШС жүргізді.

Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Төлеген Телғараев арнайы барды. «Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Естайұлының ауылдық аймақтарды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындары есепшот ашып, есептегіш құралдарын орнатуы керек. Бұған қоса, қазіргі кезде Қасқасу және Қоғалы ауылдық округіне қарасты елді мекендерге газ құбыры тартылуда. Алдағы жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталса, аудан аумағы 100 пайызға табиғи газға қосылады. Сонымен қатар, елді мекендерге сапалы ауыз сумен жеткізу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді», деді аудан басшысы.
Мерекелік іс-шарада ауыл ақсақалдары өркениеттің алауын жақты. Қаз ТрансГазАймақ филиалының басшысы Шалқар Омарбеков ауыл тұрғындарына табиғи газды қолдану бойынша кеңестер берді.
Ханарық ауылының тұрғындарының айтуынша, қыс бойы үй жылытуға шамамен 5-6 тонна көмір жұмсалады. «Көмір сатып алғанға қарағанда үй жылытқанда газдың төлемі арзанырақ. Біздің қуанышымызда шек жоқ», деп ауыл тұрғындары өз ризашылықтарын білдіруде.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *