Төлеби ауданында «Көшпенділер ойыны» өтті. Дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылған дода бұл жолы Төлеби бабаның 360 жылдығына арналды. Ленгір қаласындағы Төлеби баба сая-бағында өткен сайысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, аудан әкімі Төлеген Телғараев аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы арнайы қатысты. Барлық аудан, қаладан келген жас спортшыларға сәттілік тілеп, қолдау білдірді.
«Көшпенділер ойынында» садақ ату, қошқар көтеру, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, ләңгі тебу және арқан тартыс секілді қазақтың ұлттық ойын-дарының 7 түріне басымдық берілді. 14-35 жас аралы- ғындағы жастар қамтылған спорттық шараға жалпы 160 қатысушыдан құралған 16 команда бәсекеге түсті.
«Көшпенділер ойынының» қорытындысында командалық есеп бойынша 1-ші орынды Сарыағаш ауданының спортшылары қанжығаласа, 2-ші орын Бәйдібек ауданының жастарына бұйырды. Ал 3-ші орынды Төлеби ауданының қатысушылары місе тұтты. 1-орынға – 300 мың теңге, 2-ші орынға – 200 мың теңге, 3-ші орынға – 150 мың теңге қаржылай сыйақылар, кубоктар мен дипломдар табысталды. Сондай-ақ қатысқан әрбір командаға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
