Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек» деп атап өткен болатын.
Осы ұстаным аясында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға ерекше мән беріліп келеді. «Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы» қабылданып, оның талаптарын жүзеге асыру бағытында Төлеби ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Ашықтық – басты қағида
Аудан әкімдігінің жұмысындағы негізгі ұстанымдардың бірі – ашықтық пен қоғамдық бақылау. Мемлекеттік органдардың қызметі тұрғындар үшін барынша ашық болуы, халықтың ұсыныс-пікірлері ескерілуі маңызды.
Осы мақсатта қоғамдық кеңестердің отырыстарында, тұрғындармен кездесулерде азаматтардың ұсыныстары мен мәселелері тыңдалып, қабылданатын шешімдер барысында ескеріліп келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия да жүйелі жұмыс жүргізуде. Комиссия отырыстары тоқсан сайын өткізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған шешімдер қабылданып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріледі.
Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» бағытындағы құқықтық оқу жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес 2026 жылдың басынан бері аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері арасында 6 құқықтық оқу сабағы өткізіліп, тиісті хаттамалар рәсімделді.
Тұрғындармен кері байланыс – маңызды тетік
Халықпен тікелей байланыс орнату – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі жолдарының бірі. Осыған орай аудан әкімі әр аптаның сейсенбі күні тұрғындарды жеке қабылдайды.
2026 жылдың қаңтар–шілде айларында аудан әкімінің 33 жеке қабылдауы өткізіліп, оған 111 тұрғын қатысып, 143 мәселе көтерді. Бүгінгі таңда оның 129-ы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қалған 14 мәселе бойынша белгіленген мерзімдерге сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бұл көрсеткіштер тұрғындардың өзекті мәселелерін тікелей тыңдап, оларды заң аясында шешуге бағытталған жұмыстардың тұрақты жүргізіліп отырғанын көрсетеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету – цифрландыру жолында
Ауданда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға да басымдық берілуде. Соңғы жеті айда аудан бойынша 9741 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Оның ішінде қызмет берушілердің кеңсесі арқылы қағаз түрінде 119 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, баламалы түрде көрсету мүмкіндігі бола тұра тікелей қағаз жүзінде көрсетілген қызметтер саны – 28. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ХҚКО арқылы 1491 қызмет көрсетілді. Ақпараттық жүйелер арқылы электронды түрде 3762 қызмет, ал egov.kz және e-license.kz порталдары арқылы 4341 қызмет көрсетілді.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтардың мемлекеттік органдарға тікелей бармай-ақ, қажетті қызметтерді электронды түрде алуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бюрократиялық кедергілерді азайтып, қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ықпал етеді.
Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес 11 мемлекеттік ішкі бақылау іс-шарасы өткізіліп, нәтижесінде 9 кемшілік анықталды. Бақылау қорытындысы бойынша 33 ұсыным беріліп, олардың барлығы орындалды. Жүргізілген ішкі мемлекеттік бақылау нәтижесінде бұзушылықтарға жол бергені үшін екі мемлекеттік қызметкерге ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданылды.
«Ашық әкімдік» – халыққа жақын болудың үлгісі
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және халықтың ақпараттандырылуын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде ақпараттар жарияланып келеді. Сондай-ақ «Қызмет алушылар күні» ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдау, қоғамдық бақылау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарға қажетті ақпараттар қамтылған брошюралар да таратылуда.
«Ашық әкімдік» жобасы аясында аудан әкімдігі ғимаратында азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда тиісті бөлімдердің мамандары тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріп, қажетті ақпарат ұсынады. Ал «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы азаматтар электрондық қызметтерді өз бетінше пайдалана алады.
Мемлекеттік қызметке қабылдаудағы ашықтық
2026 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа, ашық әрі объективті іріктеу жүйесі енгізілді. Іріктеу eqyzmet.gov.kz порталы арқылы толық автоматтандырылып, кандидаттардың білімі, логикалық ойлау қабілеті, жеке қасиеттері мен кәсіби дағдылары бағаланады.
Тәуелсіз прокторинг пен ID-нөмірлерді пайдалану адам факторын және субъективті ықпалды азайтып, іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнын үздік бітірген түлектердің төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылдануы да – білімді әрі қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке тартудың тиімді тетігі.
Осы тәртіппен 2024 жылы Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратына, 2025 жылы Киелітас ауылдық округі әкімі аппараты мен аудандық жер қатынастары бөліміне жас мамандар қабылданды.
Жер және құрылыс саласындағы тәуекелдерге тосқауыл
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары салалардың қатарында құрылыс пен жер қатынастары да бар. Себебі жер телімдерін беру, рәсімдеу және пайдалану процестерінде ашықтық пен бақылаудың жеткіліксіз болуы заңсыз шешімдер қабылдауға жол ашуы мүмкін.
Осыған байланысты 2026 жылы аудан аумағындағы бірқатар нысандарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Біркөлік елді мекені мен «Ақмешіт» шатқалындағы 85 нысанның Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі талаптарын бұза отырып салынғаны немесе пайдаланылып отырғаны анықталды.
Аталған 85 нысанның 23-і – бос жер учаскелері, 62-сінде құрылыс нысандары орналасқан. Құрылыс нысандарының 21-і заңсыз салынғаны анықталса, 41 нысан бойынша пайдалануға қабылдау актілері бар.
Заңсыз салынған нысандарға қатысты 2026 жылы Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хаттар жолданып, нәтижесінде 15 нысанға жалпы сомасы 8,8 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге Төлеби аудандық сотына заңсыз құрылыстарды бұзу туралы талап арыздар жолданып, оның нәтижесінде екі нысан бойынша бұзу туралы сот шешімі қабылданды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – ортақ міндет
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Осы бағытта жыл басынан бері жергілікті «Ленгер жаршысы», «Төлеби туы», «Төлеби таңы» газеттерінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамыздың міндетіміз!», «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті», «Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» және басқа да тақырыптарда 30 мақала жарияланды. Әлеуметтік желілерде 12 ақпараттық пост орналастырылды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» акциясы өткізіліп, оның барысында жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы 500-ден астам брошюра мен 200 ақпараттық парақша таратылды. Адам көп шоғырланатын орындардағы жарнама тақтайшаларына да ақпараттық материалдар орналастырылды.
Ленгір қаласы және Қаратөбе, Кемеқалған, Зертас, Алатау, Жоғарғы Ақсу ауылдық округтерінің орталық көшелеріндегі сыртқы жарнама құралдарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы 14 баннер орнатылды. Сонымен қатар «Өкініш» және «Пара» тақырыптарында екі бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Әділ қоғам – баршамыздың ортақ мақсатымыз
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Оның алдын алу үшін заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы, мемлекеттік қызмет көрсету процестерінің барынша ашық болуы, цифрландыруды кеңінен қолдану және қоғамдық бақылауды күшейту маңызды.
Төлеби ауданында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Әділетті қоғам құру – бір күнде жүзеге асатын мақсат емес. Ол әр азаматтың адалдығынан, әр мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігінен және заңға деген құрметінен басталады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамның әр мүшесі өз үлесін қосып, адалдық пен заңдылық қағидаттарын берік ұстануы қажет. Сонда ғана біз заң үстемдігі орныққан, мүмкіндігі тең, әділетті қоғам қалыптастыра аламыз.

Төлеби ауданының әкімі Е.Әлімқұлов

от admin