«AMANAT» партиясы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы халық арасында патриотизм мен азаматтық белсенділікті арттыруға, азаматтық сана-сезімді дамытуға, қоғам мен билік арасында іс-қимылдар мен қарым-қатынасты жақсартуға негізделген. Бұл қоғамдық жұмыс. Құрамына білікті, белсенді, жауапкершілігі мол азаматтар кірді. Жұмыс нәтижелі болады деген сенімдемін.
Бүгін «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының биылғы жылға алғашқы отырысы өтті. Төраға ретінде комиссия мүшелерін бір-бірімен таныстырып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарын анықтадық. Екінші, партия мүшелерінің партиялық жарнаны уақтылы төлеу мәселесі қаралды. Бұл бойынша аудандағы бірнеше мекемелердің бас-шылары шақырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Үшінші, ауданымызда құрылыстары жүргізіліп жатқан Зертас ауылдық округындағы 150 орындық Шомшақты жалпы орта мектебінің және Бірінші Мамыр ауылдық округындағы 200-орындық Тағайна жалпы орта мектебінің құрылысы барысымен таныстық.
Шомшақты жалпы орта мектебінің құрылысы кестеге сай жүргізілуде, жұмыстың 80% орындалған. Қазір ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жасалып жатыр.
Тағайна мектебінде шешілмей тұрған мәселенің бары анықталды, ол электр қуатын қосу үшін техникалық шарттың болмауы. Бұл мәселе бойынша аудандық құрылыс бөліміне, ауылдық әкімшілікке ұсыныс беріліп, Партиялық бақылау мүшелері тарапынан қатаң бақылауға алынды.

“AMANAT” партиясы Төлеби аудандық филиалының баспасөз қызметі.

от admin