Апат айтып келмейді, бірақ қазақта «сақтансаң сақтаймын» деген сөз бар. Елімізде көктем келсе су тасқыны мен сел жүру қаупі күшейе түседі. Ал көктем туып омбы қар ерісе, жауын толассыз жауса оның зардабы айтпаса да түсінікті. Сондықтанда қала тұрғындары аулаларының су басуына жол бермеу үшін үйдің айналасындағы су жүретін арналарды қар мен мұздан тазартуға, шұңқырларды кеңейтіп, тереңдету жұмыстарына атсалысуы керек. Ал су басу немесе су тасқыны орын алған жағдай мына ережелерді білгеніңіз абзал:
1. Әрдайым дайын болыңыз
Тұрғылықты жеріңіз туралы жақсы біліп алыңыз, егер су тасқыны мен сел жүретін аймақта тұрсаңыз әрдайым құлағыңызды түріп жүріңіз. Мысалы, өзен маңына қоныстанған қала, елдімекендерде көктемде жыл сайын табиғи апаттың алдын алу жұмыстары атқарылады. Тасқын кезінде қажетті заттарды іздеп әбігерге түспес үшін құжаттар, ақша, бағалы бұйымдарды сенімді орынға жинап қойыңыз. Азық-түлік, су және құтқару шеңбері, арқан, қайық секілді қажетті құтқару заттарын алдын ала алып қоюды ұмытпаңыз.
2. Соңғы жаңалықтардан хабардар болыңыз
Елдің кез келген нүктесінде су басу қаупі бар болса телеарна, радио, интернетте бұл туралы міндетті түрде жаңалықтар шығады. Айта кетсек, азаматтардың телефонына «112» қызметі ауа райы, болуы мүмкін табиғи апаттар туралы хабарлама жіберіп отырады.
3. Электр мен газды өшіріңіз
Үйіңізге су кірместен бұрын тез арада барлық коммуникацияны өшіріңіз. Электр тогына су тисе қандай жағдай болатынын бәріміз білеміз. Тіпті соңы адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Барлық есік пен терезе жабық болуы керек.
4. Егер сіз суға батып бара жатсаңыз…
Жүзуге, су бетінде ұстап тұруға көмектесетін кез-келген затты пайдаланыңыз. Үйіңізде доп, пластик бөтелкелері, үлкен үрмелі шарлар болса тіптен жақсы. Егер жаныңызда бір адам көмек сұраса бірден қолыңызды созып судан шығарып алуға тырыспаңыз. Мұндай жағдайда сіз өзгені де, өзіңізді де құтқара алмайсыз. Одан да ол адамға су бетінде ұстап тұруға көмектесетін заттарды беріңіз.

А.Саипов,
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстар қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі.

от admin