«Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері Шәкәрім атындағы университетте Абай облысының ақсақалдарымен, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиында партия кітапханалар мен кітап басып шығару ісін қолдау, ғылымды дамыту, әлеуметтік қолдау көрсету және жас мамандарға жағдай жасау жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Кездесуде кітапхана саласы қызметкерлерінің жағдайы да сөз болды. Облыстық Абай атындағы кітапхананың бөлім меңгерушісі Жанар Чушекова кадр тапшылығы мен еңбекақы деңгейіне назар аударды. Кандидаттар партияның кітапхана ісі мен кітап басып шығаруға қатысты жеке заң қабылдау туралы бастама көтеруді, сала қызметкерлерін қолдау тетіктерін жетілдіруді және кітапхана қорларын цифрландыруды жалғастыруды ұсынатынын айтты. Сайлауалды бағдарламада отандық кітап басып шығару ісін және балалар әдебиетін дамыту, қазақ тілін қолдау, кітап оқу мәдениетін насихаттау да көзделген.
Қатысушылар ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау мәселелеріне де тоқталды. Құрылтай депутаттығына кандидат Анар Фазылжан ғылым саласындағы оң өзгерістердің саяси өмірге араласу туралы шешім қабылдауына себеп болғанын айтты. Ол атаулы әлеуметтік қолдау мәселесіне де арнайы тоқталды. «Әділет» партиясы Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын құруды және азаматтардан артық анықтама жинауды талап етпей, қолдау шараларын проактивті түрде тағайындауға көшуді ұсынады.
«Мен ғалым-лингвиспін және бұған дейін ешқашан саяси партиялардың мүшесі болған емеспін. Алайда соңғы жылдары ғылымға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын көріп отырмыз. Қазір біздің институттағы жас ғалымдарға баспаналы болуға мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл өзгерістердің жалғасуы мен үшін маңызды. Сондықтан «Әділет» партиясына кіру туралы шешім қабылдадым», — деді Анар Фазылжанова.
Өңірдің дамуы туралы сөз қозғаған Абай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алин Мұратқазы облыстың дербес әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде қайта құрылуынан кейінгі оң өзгерістерді атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын құру туралы шешімі өңірді одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Өткен жылдар ішінде облыста елеулі өзгерістер болып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын көріп отырмыз. Сондай-ақ «Абайға құрмет» бастамасының маңызы зор. Ол еліміздің өңірлерін Абай мұрасын сақтау және дәріптеу жолында біріктірді. Мұның бәрі Абай облысын дамытуға және оның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға ерекше көңіл бөлініп отырғанының айғағы», — деді Алин Мұратқазы.
Құрылтай депутаттығына кандидат Дихан Қамзабекұлы Семейдің тарихи тұрғыдан елдің рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі болып қала беретінін, ал Абай, Шәкәрім және Алаш қайраткерлерінің идеялары қоғамдық бағдарларды қалыптастыруды жалғастырып келе жатқанын жеткізді.
«Президент әділет қағидатын мемлекеттік деңгейге көтерді. Бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістер осы қағидатқа негізделеді. «Әділет» партиясы Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын қолдайды және жаңа Конституция ережелерін іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұл үдерісте тарихи жадыны сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын зиялы қауымның рөлі ерекше», — деді Дихан Қамзабекұлы.
Мәдениет саласының ардагері Құсміла Нұрқасым мен сот жүйесінің ардагері Мұқаш Кенжебаев та «Әділет» партиясын қолдайтынын айтты.
«Әділет» партиясы атауының өзі әр адамның жүрегіне жақын. Абай мен қазақтың ағартушылары әрдайым әділет жолын ұстанды. Біз Президенттің тарихи жадыны сақтауға және Құрылтай институтын дамытуға бағытталған бастамаларын қолдаймыз. Абай елі «Әділет» партиясын шын жүректен қолдайды», — деді Құсміла Нұрқасым.
Кездесуді қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай Абайдың идеялары мен партия құндылықтарының өзара үндестігіне тоқталды.
«Ұлы Абай: «Әділет жоқ жерде сенім де жоқ», — деген. Бұл терең ой – халқымыздың мәңгілік рухани бағдарларының бірі. Тарихи жолымызды жалғастырып, ата-бабамыздан мирас болған ғасырлар бойғы құндылықтарға сүйене отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дамудың негізгі бағытын айқындады: «Біз Әділетті Қазақстанды құрамыз». Жүргізіліп жатқан барлық реформалар әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге және экономиканы қарқынды дамытуға бағытталған. Мемлекеттілігіміздің тарихынан тамыр тартатын осы идеалдар «Әділет» партиясы философиясының негізінде жатыр. Біз Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын нық қолдаймыз және жаңартылған Конституция нормаларының әрбір азаматтың игілігіне қызмет етуіне күш саламыз. Әділет пен заңдылық, адал еңбек пен тәртіп, прогресс пен патриотизм – мықты қоғам құру жолындағы берік іргетасымыз», — деді Айбек Дәдебай.
Абай облысының ақсақалдары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері айтқан ұсыныстар партия тарапынан талданып, алдағы заң шығару жұмысында ескеріледі.
