Бүгін, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII «Әлеуметтік Кодексі» нормалары туралы ақпараттар беру, түсіндіру мақсатында көшпелі жиын өтті. Жиынға Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшының орынбасары Тұрар Құдайбергенов мен Түркістан облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Асылжан Ниязов, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Алмасхан Ильясов, басқарманың бас маманы Ғалымжан Боранбек қатысып Кодекске енген жаңалықтарды түсіндірді.
Әлеуметтік кодексте әр отбасында цифрлық картасының болатыны, жұмыспен қамту саласына жаңа тәсілдерді енгізу, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру барын айтты. Жиын барысында әлеуметтік кодекс – бұл елдегі әлеуметтік саясатты жақсарту жолындағы тағы бір қадам екені, онда ана мен баланы ұлттық демографиялық саясаттың факторы ретінде қолдау тетіктері, еңбек нарығын дамытуды ұйымдастыру және жұмысқа орналасуға көмек көрсету, аз қамтылған отбасылардың материалдық әл-ауқатын арттыруға көмектесу, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және т.б. бойынша жаңа шаралар көзделгені сөз болды.
Цифрлық карта халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді, яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Екіншіден – отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберілуде. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады. SMS-хабарламаны министрлік арқылы әр отбасы туралы цифрлық ақпаратты зерттей отырып, күнделікті жіберіп отырады.
Басқосу барысында тұрғындар Әлеуметтік Кодекс бойынша өзгерістер, әлеуметтік қамсыздандыру туралы сұрақтарын қойып, сала мамандарынан кеңес алды.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
