Құтқару қызметін құтқарушы иттерсіз елестету өте қиын. Ал оны баптап, сенімді көмекшіге айналдыру білікті кинологтардың ғана қолынан келетін шаруа. Шымкент қаласы ТЖД қарасты жедел-құтқару жасағында қызмет атқаратын бас құтқарушы-кинолог Атабек Талғатұлы Абеновті осындай білікті маман деп айта аламыз. Талай сын сағатта өзінің «Берта» есімді сенімді серігімен көмекке келіп, адамдарды іздеу, құтқару жұмыстарына қатысып міндеттерін мінсіз атқарып жүр. Ол жақында ғана «Казқұтқару-2023» халықаралық жиын-семинары аясында Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің кинологиялық есептоптарын сертификаттық сынаудың бірінші кезеңіне қатысып, Бертамен бірге мойынсұнушылық пен ептілік жолағы, табиғи және техногенді ортада зардап шегушіні іздеу тәртіптері бойынша өткен сынақта сыннан сүрінбей өтті. Мұндай сынақтар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Бес жылдам астам осы салада аянбай еңбек етіп келе жатқан Атабек Талғатұлы бала күнінен жануарға жақын, олардың тілін тауып, бабын баптауда алдына жан салмайтын. Бұл қызметке келмес алдын да жеке кинология клубтарында ит үйретумен айналысқан. Яғни төрт аяқты «жауынгерлердің» қыр-сырын жетік меңгерген десек болады.
«Әке көрген оқ жонар…..» демекші Атабектің 5 жасар ұлы Айсұлтан да өзі кішкене күшікті баулып, үйретіп жүр. Өскенде әкесі секілді керемет кинолог болсам деген арманы бар.
Әр істің өз қиындығы мен қызығы бар. Әсіресе кинология бөлімінің жауапкершілігі зор, жұмысы ауыр. Жануарларды үйрету үшін де кәсіби шеберлік керек. Ал Атабек Абенов-кәсіби кинолог.

О. Туртбаев
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, әрі жедел-құтқару жасағының басшысы-құтқарушы

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *