Отбасы — адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсені еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.
Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол»,- дейді.
Ата-ананың жүріс-тұрасы, сөйлегені, іс-әрекеттерінің барлығы барлығы бала үшін үлгі. Осы негізде бала алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек.
Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет.
Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: »Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттік өз басқару жүйесі әртүрлі болады. Осы сияқты әр отбасының өз тактикасы, басқару жүйесі болады. Ұрпақтың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасатыны белгілі. Жанұя – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуге отбасы – алғашқы қадам. Жанұя – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ.
Ата – асқар тау, Ана – бауырдағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ, — деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыс-тарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады.
Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туатыны белгілі. Бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз.
Биыл, еліміз бойынша ерекше сипатқа ие болып отырған Түркістан облыстық “Мерейлі отбасы” конкурсы өтті. Онда жерлестеріміз Абилдаевтар отбасы әділқазылардың шешімімен I орынды иеленді. Ауданымызда Абилдаевтар отбасы — 4 ұл, 3 қыз дүниеге әкеліп, 29 немере, 35 шөбере тәрбиелеп отырған, аудандағы үлгілі отбасылардың бірі.
Бұл конкурс, 10 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келсе, Түркістан облысында өткеніне 8 жыл болды.
Осы мақсатта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап кетуіміз керек. Себебі, қазақ халқы үшін отбасы — қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі осы отбасында қалыптасады. Бұл талайды қанаттандырып, талай адамға алтын бесік болған киелі шаңырақ.
Әрқашан отбасымыз аман, босағамыз берік болғай.

Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімі.

от admin

Один комментарий к “ОТБАСЫ — БАҚЫТ МЕКЕНІ”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *