Шымкент қаласындағы Әкімшілік іскерлік орталығындағы жаңадан салынған әкімшілік ғимараты мен өрт сөндіру депосының ашылу салтанаты өткізілді.
Салтанатты іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Іс-шара барысында қызмет ету кезінде ерлік көрсетіп, ерекше көзге түскен Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері марапатталды. Азаматтық қорғау органдарының еңбегі сіңген ардагері Уалихан Мелдебекұлы Ережеповке қаланы дамытуда үлес қосқаны және белсенді азаматтық қызметі үшін «Қаланың құрметті азаматы» атағы табыс етілді.
Жергілікті атқарушы органның және республикалық бюджет есебінен салынған нысан әкімшілік ғимараттан және 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депо ғимаратынан тұрады.
ТЖД және Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкелеріне арналған үш қабаттан тұратын әкімшілік ғимарат кризистік және ситуациялық орталықтары, бірыңғай диспетчерлік қызмет, оқу сыныптары, жұмыс кабинеттері бар.
Екі қабатты өрт сөндіру депосында өрт сөндірушілер үшін барлық жағдай жасалған: өрт сөндірушілер үшін оқу сыныбы, демалыс, жатын, ас бөлмелері, спорт және мәжіліс залы, техникалық үй-жайлар, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы қарастырылған.
Жаңа өрт сөндіру бөлімінде 108 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Аталған өрт сөндіру бөлімі заманауи өрт сөндіру техникаларымен қамтамасыз етілген және 18 шағын аудан тұрғындарын өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етеді.
Жаңа өрт сөндіру депосы оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы тұрғын саны 1 млн. астам және 117 мың га жері бар инфрақұрылымы жақсы дамыған, еліміздің жетекші өнеркәсіп және экономикалық орталықтарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда өрт қауіпсіздігімен 10 өрт сөндіру бөлімі қамтамасыз етеді. Сайрам тұрғын алабы мен Түркістан көшесінде жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы жүргізілуде.
А.Саипов
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі.
