ӘЙЕЛ — АНА

отadmin

Апр 11, 2026


Байтуова Жезмарал Әбілхасқызы
Төлеби аудандық мәдениет үйінің бас маманы.
Байтуова Жезмарал Әбілхасқызы
Төлеби аудандық мәдениет үйінің бас маманы.

Әйел – Ана
Әр перзенттің тағынатын тұмары,
Әр жүректің жағылатын шырағы.
Әрбір мықты жетістіктің артында
Рухы мықты,ақылды әйел тұрады.

Ұстаз -анаң білім құяр санаға,
Құтқарушың алып шығар жағаға.
Аспаз,шебер, ісмер әрі тігінші
Әйелдерсіз өмір сәні бола ма?!

Дәрігер де жанды ауырған ұға алған
Спортшы боп елдің даңқын шығарған.
Саясаттың сахнасына сән беріп
Атқа мініп, туған жер деп ту алған.

Адалдықпен,тазалықпен бір өскен,
Ұрпағының амандығын тілескен.
Алты алашты ауызына қаратып
Боз кілемде қарсыласпен күрескен.

Аналар көп биіктерге өрлеген,
Жас жаныңды жылы сөзбен емдеген.
Дәл қазақтың анасындай қайсарлы
Аяулы жан жер бетінде кемде-кем.

Туралыққа бағыттаған кемесін,
Ана салған жолмен жүріп келесің.
Кім екенін білгің келсе әйелдің,
Біз жаққа кел,өз көзіңмен көресің.

Ана
Бала десе көңілі қамығатын,
Қайда жүрсе сені ойлап сағынатын.
Әйел мен Ана болу-екі арасы
Ойлаған жанға әрі алыс,әрі жақын.

Тамыр жайған өмірге толғағымен,
Ана деген бақытты арманымен.
Әйелдердің бәрі Ана бола ала ма
Аналардың бәрі Әйел болғанымен.

Сұлу ғып өмір деген сахнаны
Желекке бөлеп аймақ-атырабын.
Тамырын терең тартып Ана деген
Жая алған бәйтерек ол жапырағын.

Бақытты бала деген жанатымен,
Самғап ұшар биікке қанатымен.
Әлдиімен ғажайып Әйел деген
Әйел деген құдырет-Ана атымен!
Анаға сағыныш

Ана деген-қасиеттім,киелім,
Жүрегіммен,тілегіммен сүйемін.
Құдыретіңе табынамын тәу етіп
Азиз ана,өзіңе бас иемін.

Аналарды аялаңдар,қараңдар,
Күні -түні жол күзетер анаң бар.
Алтын тәжі бастарында мәңгілік,
Бақытты ғой анасы бар адамдар.

Ілескендер тіршілікте көшке анық,
Көрген емес бақытынан кеш қалып.
Анасы бар адамдарға қызығам.
Өз анамды отырғанда еске алып.

Пейілдері шалқар, дархан даламдай,
Жүретұғын жай-күйіңе алаңдай.
Дүниеде аналардың барлығы
Менің асыл,қасиетті анамдай.

Шекарадан асқан болсақ біз өтіп,
Отыратын қатемізді түзетіп.
Өзің жаққан ошағыңның жылуын
Жүрмін бүгін жырымменен күзетіп.


Назарбекова Гүлмира Анарбекқызы
Түркістан облысы,Төлеби ауданы, Ленгір қаласы. Ерекше бала күтіміндегі анамын.

Біз әйелміз!
Біз әйелміз,біз әйелміз қашанда,
Әйел болу мықтылықпа, осалма?
Табиғаты нәзіктікті қалайтын,
Біз әйелміз сабырмен сыр тоса алған.
Біз әйелміз нөсерлерді баса алған,
Үйде отырып оймен қиыр аса алған.
Жүрек отын сөндірсе де күйбең іс,
Жасымастан көктем гүлдей жасарған.

Есік көрген,бесік көрген анамыз,
Хан өсіріп,батыр баққан данамыз.
Жүрегіміз сыр берсе де шыдамай,
Сабырлыққа жетелейді санамыз.
Нәзіктіктен кейде алшақтап арамыз,
Болашақтың жүгін тартып барамыз.
Түзде тыным таппай еңбек етсекте,
Жан жылуын үйімізден табамыз.

Кейде дара, кейде бізде шаламыз,
Жанымыз жаз, пейіл дархан даламыз.
Болмашыға қуанамыз баладай,
Сол үшін де бағы биік анамыз!
Сыздаса да жүректегі жарамыз,
Сыр берместен жарқыраймыз, жанамыз,
Бір қолымен ақ бесікті тербетіп,
Бар әлемді тербегенде ана біз!

Әйел болу, ана болу батырлық,
Әйел болу сұлулыққа жақындық.
Әлия мен Мәншүк Сабиналардай,
Елімізді еркіндікке шақырдық.
Біз әйелдер ұнатамыз көктемді,
Ұмытпаймыз балалықты өткенді.
Табиғатты жақсы көру бір бөлек,
Сүю бөлек көңілдегі көк белді.

Заты бөлек, аты ерек әйелміз,
Күзгі мұңға көктем болып келерміз.
Құлазыса мұңға батса жүректер,
Жылу шашып, қиялға гүл егерміз.
Біз әйелміз, көз жетпейтін тереңбіз,
Ақын жазған маржан теңеу өлеңбіз.
Тәні мәр-мәр,санасы мұң, жаны жаз,
Бұл өмірге сүю үшін келерміз!


Накипова Аделя Акмырзақызы.
Түркістан облысы Төлеби ауданы Ленгер қаласы. «№10 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орыс тілі және орыс әдебиеті пәні мұғалімі.

Менің анам кім?
«Ана» деген сөздің өзінде тұтас ғұмырдың мәні бар. Мен үшін ана өмірдің тірегі, отбасының берекесі, мейірімнің мәңгілік бастауы.
«Менің анам кім?» деген сұраққа жауап беру – менің жүрегімде сақталған ең қымбат бейнені сөзбен бейнелеу. Ана жайлы ойымды, айтып тауыса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
«Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың» — деп бекер айтпаған. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анаға қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана.
Кез-келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ.
Ана болу – бүкіл өміріне кететін рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін перзентіне жұмсайды, сол арқылы оның жаны нұрлана, нәрлене түседі.
Осыдан он сегіз жыл бұрын әкем кенеттен өмірден өтті. Бұл – біздің отбасымызға түскен ауыр сынақ еді. Бірақ анам сол қиындыққа мойымай, үш қызын әлпештеп, ешкімнен кем қылмай өсіріп, оқытып, әрқайсымызды өз ұямызға қондырды. Әке орнына әке, ана орнына ана болып, бізге әкеміздің жоқтығын ешқашан сездірмеді. Оның қайсарлығы мен төзімі – мен үшін нағыз ерлік.
Анам – тек отбасының шырағы ғана емес, өз кәсібін дөңгелеткен еңбек адамы. Анам тігінші, оң қолынан бал тамған өнерлі жеке кәсіпкер. Анамнан берілген қасиеттері мені де қоғамға пайдалы болуға жетелейді.
Бүгінде мен өзім ана атанған кезде, анамыздың қадірін бұрынғыдан да терең түсіне бастадым. Балалы болғанда ғана ананың неліктен әрдайым уайымдап, баласы үшін бәріне дайын жан екенін сезінеді екенсің. Кейде «мама қойшы, мама өзім білем» деп қатты айтып, жүрегін ауыртып қойған кездеріміз де аз болмады. Қазір сол сөздеріме өкінішпен қараймын.
Анам біз үшін өз жастық шағын, уақытын, тіпті денсаулығын да аямай, қыстың қақаған суығына да, жұмыстың ауыр қиындығына да қарамай еңбек етті. Бізге киімнің ең жақсысын, тамақтың ең дәмдісін, тіпті ұялы телефонның ең қымбатын алып беруге тырысты. Осындай жанқиярлықты тек ана ғана жасай алады.
Осы ой толғауым арқылы анамнан кешірім сұраймын. Егер қатты айтып, ренжіткен жерім болса — Кешірші, мама…
Әке болып тірек боп, ана болып жан берген,
Үш қызына бар өмірін арнаған сен, ардақтым.
Еңбекпенен ер жетіп, тағдыр жүгін тең бөлген,
Жүрегіңде мейірім, қолыңда – күш, асқақ тым.
Әр таңыңды еңбекпен, үмітпенен қарсы алдың,
Шаршасаң да, сынбадың, мойымадың, жасындың.
Қиын шақта үш қызыңа шамшырақ боп жол салдың,
Махаббатпен өсірдің, жүрек нұрын шашындың.

Біз өзіңнен үйрендік— төзімділік, адалдық,
Өмірге тік қарауды үйреткен анам өзіңсің
Ана деген ұлы атқа жарасатын даналық,
Үш қызыңның бақыты — еңбегіңнің көзіндей

Қиындықта қажымадың, көрсетпедің көз жасың,
Үміт отын өшірмей сақтадың сен, асылым.
Бүгін біз бар болсақ, биік тұрсақ өмірде —
Ол сен берген тәрбие, анам, сенің ақылың.
Анасы бар адам – ең бай адам. Ал ананың қадірін кеш түсінгеніміз – өмірдің шындығы. Бірақ ең бастысы – сол мейірімді жүректі бағалай білу.
Мен анаммен мақтанамын. Анашым бізге адал еңбекпен өмір сүрудің маңызын көрсетті. Оның өмір жолы – менің мәңгілік үлгі тұтар бағдарым….


Айдаркулова Жансая Алтынбекқызы
Төлеби ауданының тумасы, инженер
АО Казахтелеком

Әйелдік қасиет
Нәзіктікке сай — саласы,
Қандай әсем — ақылды әйел баласы.
Мұғалім апай атанып,
Болдың міне білімдінің панасы.

Тәрбие тал бесіктен басталады осылай
Бәсекелес заманда
Ұстаз болған досым ай

Білімді болса ортасы
Білікті маман болғаны
Тәрбие болса қорғаны
Шәкірті мықты болғаны
Әйелдік қасиет, Аналық жүрек.
Білімі ерек ұстазсың
Балаға өсиет, тәрбие керек
Жалықпа мейрімді мұғалім.

Білгенге маржан, ақылды жастан тәрбие беріп, шәкіртке.
Көркем мінез қалыптастыр, сый бар үлкен мәртікте.
Алғыс алып, нұр ойнасын, мынау сенің жүзіңде!
Даналық пен туралық боп, әрбір айтқан сөзіңде.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *