
Дәуренбеков Талғат Шүкірбайұлы
Төлеби ауданы Алатау ауылдық тұрғыны. Зейнеткер.
ӘЙЕЛ ДЕГЕН ОЛ – АНА
Әйел заты назарында Алланың,
Жұмақ еткен әрбір басқан табанын.
Әйел деген бәрінен де ана ғой,
Паш етейін құдіретін ананың.
Бала десе қызығынан безетін,
Керек етсе кесіп берер өз етін.
Төзім атты орамалын тағып ап,
Тіршіліктің тауқыметін кезетін.
Ағытатын шаңырақтың түндігін,
Атқаратын сыр білдіртпей тірлігін.
Ақылын да салып әркез тоқтамға,
Сақтап жүрер ел-жұртының бірлігін.
Жүрек тұс пен көзі тұнған мейірім,
Жаратқан да ашық еткен пейілін.
Шыққан ниет,жылы сөзі,тілегі,
Келтіреді көңіл хошын,сейілін.
Әйел заты-түп тамыры иманның,
Ақтап жұмсар ер атаудың жиғанын.
Әйел деген кіммен болсын,қай жерде,
Қалап жүрер сыйластықтың сиғанын.
Әйел заты-дәрігер де мұғалім,
Аспаз,әкім,кәсіпкер мен ол-ғалым.
Әйел деген тігінші де депутат,
Атқарады бар қызмет жұрнағын.
Әйел заты-берекенің тұрағы,
Лаулап жанар отбасының шырағы.
Әйел деген бәрінен де ана ғой,
Жалғасатын адамзаттың ұрпағы.
Әйел заты сымбатты да әдемі,
Сондықтан да жырлай бергің келеді.
Әйел деген сұлулықтың символы,
Жарасым мен ізгіліктің әлемі.

Тастанбек Лаура Қалшабекқызы
Төлеби ауданы. Көксәйек ауылы,
8-Март елді-мекені.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ баспасөз қызметі.
ӘЙЕЛ — ӘЛЕМ ТҰТҚАСЫ
Баланың жылу іздеп сүйенері,
Әр үйдің отын жаққан киелері.
Әйелдер, замандастар, қарлығаштар,
Елеусіз, ерен еңбек иелері.
Сақтаған ғылымдағы мұрағатты,
Баулыған жақсылыққа жұрағатты,
Әйелдер, ұлт ұстазы, білім берген,
Алты алаш төр ұсынған ұлағатты.
Шаршағанға күш беріп, алау болған,
Айнымаған ешқашан адал жолдан.
Әйелдер, ақ халатты абзал жандар,
Ауырғанның жанына жалау болған.
Әрбір әйел қоғамнан өзін тапқан,
Жүрегінде болса да сезім жатқан.
Нәзікжанды болса да тіршілік те,
Дөңгелетіп кәсіптің көзін тапқан.
Көңілін тауып, көптің де тілге келген.
Бәйге аты қалыспай, бірге келген.
Бүгінгі әйел —білікті саясаткер,
Елдің сөзін сөйлеген мінбелерден.
Кезі жоқ ешқашан да бүлік қылған,
Сағат тілі сияқты жүріп тұрған.
Әйел деген тіршілік мәні емес пе?
Жанарынан күн көзі күліп тұрған.
Әйел барда үміт бар, шүкір дер ем.
Жалғап жүрген өмірді үтірменен.
Сынған жердің сынығын жүрегінің,
Жылуымен нұр шашып бүтіндеген.
Жыламасын ешқашан балалары,
Аман болсын қала мен далалары.
Адамзатқа мейірім тілеп тұрар,
Жасай берсін қазақтың аналары!

Жандарова Айзат Шымырбайқызы
Түркістан облысы Төлеби ауданы Тасарық ауылы. «Т.Тоғысбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Менің анам кім?
Ана — тіршіліктің бастауы, адамзаттың мәңгілік тұғыры. Қазақ халқы ананы әрдайым ардақ тұтып, «Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал» деп қастерлеген. Себебі ана – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани негізін қалыптастыратын қасиетті тұлға. «Менің анам кім?» деген сауалға жауап іздеу – өз тамырыңды, өз болмысыңды танумен тең.
Менің анам – менің өмірге келуіме себепкер болған жан ғана емес, менің адам болып қалыптасуыма ықпал еткен ең ұлы ұстазым. Ғабиден Мұстафин: «Ана — барлық өмірдің бастауы» дегендей, менің әрбір қадамымда ананың тәрбиесі, ананың ізі жатыр. Ол маған өмірдің мәнін сөзбен емес, өз өнегесімен үйретті. Оның сабыры мен төзімі, мейірімі мен әділдігі мен үшін мәңгілік үлгі.
Анамның махаббаты — шексіз теңіз іспетті. Ол махаббатты дауыстап айтудан гөрі, үнсіз ісімен дәлелдеді. Кейде бір ғана алақанының жылуы, бір ауыз батасы мені талай күмән мен қорқыныштан арашалап қалды. Халық даналығында: «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп бекер айтылмаған. Анам өз өмірін бізге арнап, біздің болашағымызды өз бақытына балаған жан.
Менің анам — мейірімділік пен талап-шылдықты тең ұстай білген дана адам. Ол бізді еркелете отырып, өмірге бейім-деді, жақсы көре отырып жауапкершілікке үйретті. Абай Құнанбайұлының «Адам-ның адамшылығы — жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан бола-ды» деген сөзі менің анамның болмысын айқын сипаттайды. Себебі оның тәрбиесі мен үшін өмірлік бағдаршам іспетті.
Қазіргі қоғамда ананың рөлі бұрынғыдан да маңызды. Ол – отбасының ұйытқысы, елдің ертеңін тәрбиелейтін тұлға. Менің анам осы жауапкершілікті терең сезініп, ұрпағын білімді, саналы, елін сүйетін азамат етіп өсіруге бар күшін салуда. Ол маған тек жеке жетістікке жетуді емес, адам болып қалуды, ар-ұятты биік қоюды үйретті.
Қорытындылай келе, мен үшін ана — өмірдің мағынасы мен мазмұны. Ол — қиын сәттегі тірегім, жеңісіме қуана білетін жан, жүрегімнің ең жылы бұрышы. Фариза Оңғарсынова айтқандай: «Ана деген — тіршіліктің тірегі». Сондықтан да «Менің анам кім?» деген сұрақтың жауабы мен үшін айқын: ол — менің өмірімнің шамшырағы, ең үлкен байлығым, мәңгілік махаббатым.
Ана
Ана — өмір, ана — нұр, ана — таң,
Жүрегімде мәңгі сөнбес бір арман.
Әлдилеген бесігімнен басталған
Сен бар кезде мен де бармын, мен тірім,
Ана — менің өмірімнің қасиеті панасы.
Әр сызығы — төзіміңнің жалғасы.
Жымиғаның — үйдің нұры, тірегі,
Сен бар жерде тынады жан жарасы.
Дүниеде не қымбат деп сұраса,
Жауабым бір — анамның ақ ниетті батасы.
Әрбір бақытым — сенің ізің, жан анам.
Қолыңдағы әжім — жылдар таңбасы.

Сисенбаева Айгерим Ергазиевна
Психолог. Түркістан облысы, Төлеби ауданы. Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Гагарин мектебінің ұстазы Мүрсәлім Гүлім Талапқызына арналады.
МЕНІҢ АНАМ КІМ?
Адамды адам ететін – тәрбие, ал сол тәрбиенің бастауында әрдайым Ана тұрады. Отыз алты жас – өткенге ой жүгіртіп, болашаққа жауапкершілікпен қарауды үйрететін белес. Осы жасқа келгенде мен өміріме шынайы әсер еткен, мені адам ретінде қалыптастырған ең басты тұлғаны анық сезіндім. Ол – менің анам.
Менің анам – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол үшін сөз – жай ғана дыбыс емес, ұлттың жаны, тәрбиенің негізі, рухтың тірегі. Анам бізді бала кезімізден ана тіліміздің қадірін білуге, әдебиеттің терең мағынасын түсінуге баулыды. Үйіміздегі бір бөлме толы кітапхана – оның рухани әлемінің айғағы. Әдеби кітаптармен сусындап өскен анам кітапты сүюге, оқығанды ой елегінен өткізуге бізді де үйретті. Бүгінгі дүниетанымым мен ойлау қабілетімнің қалыптасуында осы тәрбиенің орны ерекше.Анам уақыттың қадірін жақсы біледі. Кешіккенді ұнатпайды, әр істің өз мезгілінде атқарылғанын қалайды. Түске дейін ұйықтап жатқанды жақтырмайды, бұл талапты балаларына да қоя білді. Әр таңды пайдалы іспен бастауды үйреткен ана тәрбиесі бүгінде өмірлік дағдыма айналды. Бұрын қатал көрінген осы талаптардың шын мәнінде үлкен жауапкершілік пен тәртіпке үйреткенін қазір анық түсінемін. Мінезі тік, бір сөйлейтін, әділ әрі талапшыл ана. Бірақ сол талапшылдықтың түбінде шексіз мейірім мен терең қамқорлық жатыр. Ол бәріне бірдей қарайды, әділетсіздікке төзбейді. Тазалықты жақсы көреді, ұқыптылық пен жинақылықты өмір салтына айналдырған. Қолынан бәрі келеді: үйдің де, жұмыстың да берекесін келтіріп, дәмді торттар пісіріп, отбасының жылуын арттыра біледі. Идеясы ұшқыр, еңбекқор, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін жан. Анам тек отбасының тірегі ғана емес, қоғамға да үлес қосып жүрген жан. Жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, талай баланың жүрегіне білімнің шырағын жақты. Оның сабағынан өткен оқушылардың өмірде өз жолын тауып, елге қызмет етіп жүргенін көргенде, ананың еңбегі бір отбасының емес, тұтас қоғамның дамуына әсер ететінін түсінемін. Анам бауырлары мен ағайын-туыстарына әрдайым қамқор. Қиын сәтте қол ұшын созып, жанынан табылу – оның өмірлік ұстанымы. Сырға берік, досқа адал, сенімге селкеу түсірмейтін тұлға. Ол бізге адамгершілікті, адалдықты, жауапкершілікті сөзбен емес, өз ісімен үйретті.
Бүгінде анам – менің анам ғана емес, менің сырласым, ақылшым, қамқоршым. Қуанышым мен мұңымды бөлісетін, бағыт-бағдар беретін ең жақын жаным. Уақыт өткен сайын анамның әрбір сөзі мен талабының мәнін тереңірек түсіне бастадым.
Мен анаммен мақтанамын. Оны шын жүрегіммен жақсы көремін. Өмірде жеткен әрбір жетістігімнің, бойыма дарыған әрбір қасиетімнің түп-тамыры анамның тәрбиесінде, еңбегінде, ақ ниеті мен дұғасында жатыр. Менің өмірімдегі ең үлкен мектеп – анамның тәрбиесі, ең биік марапат – оның ризалығы.