2026 жылдың 6 мамыр күні Аққұм ауылдық округіне қарасты №8, Қ.Тыныбеков, Момынай және Жаңаұйым атындағы жалпы орта мектептерінде жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Жастарды жат ағымдардан қорғау және жастар арасындағы келеңсіз жайттардың алу» тақырыбында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Төлеби ауданы аумағында дін саласы бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес өткізілді.
Кездесу барысында алғашқы сөз алған дінтанушы-теолог маман Қ.Мырзабай қазіргі таңда қоғамда, әсіресе жастар арасында діни сауаттылықтың маңыздылығын айтып түсіндірді.
Төлеби аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмурзаев жастар тәрбиесі – ұлт болашағы екенін атап өтті. Ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесінің маңызына тоқталып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – ата-бабадан келе жатқан асыл қасиет екенін жеткізді. Сонымен қатар, жастарды ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, елін, жерін сүюге және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы М.Оразбай жастардың психологиялық тұрақтылығы мен тұлғалық дамуы жөнінде кеңінен сөз қозғады. Ол жасөспірімдердің түрлі теріс идеологиялардың ықпалына түсіп қалмауы үшін олардың ішкі сенімі мен өмірлік мақсаты айқын болуы қажеттігін айтты. Сонымен қатар, жастардың қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуі, өз ортасын дұрыс таңдауы және психологиялық қысымдарға төтеп бере алуы маңызды екенін түсіндірді.
