Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Төлеби ауданындағы «Төлеби нұры» жазғы сауықтыру лагерінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Өрт қауіпсіздігі және суда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында кешенді оқу-жаттығу өткізілді.
Іс-шараға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, лагерь әкімшілігі, тәрбиешілер мен демалушы оқушылар қатысты.
Оқу-жаттығу барысында мамандар өрт шыққан жағдайда әрекет ету алгоритмдерін түсіндіріп, өрт туралы жедел хабарлау, эвакуациялау тәртібі және алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетті. Сонымен қатар өрттің шығу себептері мен оның алдын алу шаралары жөнінде кең көлемде ақпарат берілді.
Сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде су айдындарында орын алуы мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында суда шомылу қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Балаларға рұқсат етілген орындарда ғана шомылу, ересектердің бақылауынсыз суға түспеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және төтенше жағдайда көмек шақыру тәртібі түсіндірілді.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын жетілдіру және жазғы демалыс кезеңінде орын алуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу.
Осындай профилактикалық іс-шаралар балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыруға және олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.
Төлеби ауданының білім бөлімі
