Сегіз қырлы, бір сырлы. Шығармашылыққа өте жақын. Өлең де шығарып, әнді де тамаша орындайды. Әсіресе оның қиялынан туындаған фотоматериалдар мен бейнероликтер ерекше. Ойды дөп жеткізіп, жасаған контенттері таңқалдырып, тамсандырады. Сонымен қатар, қайсар да, батыл жан. Бұл небәрі 23 жасар- өрт сөндіруші Әділет Жорабайдың бойындағы қасиеттер.
2000 жылы Келес ауданында дүниеге келген Әділет бала кезінен-ақ жан-жақты болатын. «Білсем, үйренсем» деп жүретін ол мектеп қабырғасында өлеңдер шығарып, әндерді де керемет орындап, түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүретін. Оның бірі 2016 жылы «Арай-2016» байқауындағы жеңісі еді. Сондай-ақ спортты да бірге алып жүрген ол ережесіз жекпе-жектенде ауданаралық жарыстарда алдыңғы шептен көрініп жүрді. Т.Бегельдинов атындағы мектепті тәмамдағаннан соң, 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі «Батыр» Президенттік полкінде Отан алдындағы борышын өтейді.
Алға қойған мақсаты мығым, арманы айқын Әділет Жандарбекұлы 2020 жылы бала кезіндегі арманын қуып өрт сөндіру қызметіне қызметке орналасады. Ол қазіргі кезде №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі қызметін белсенді атқарып жүр. Жас өрт сөндіруші тұрғын үйде орын алған өртте жалындап тұрған газ баллонды сөндіріп, қауіпсіз аймаққа шығарып, жарылуын алдын алып өзінің өжеттілігін тағы да бір дәлелдеді.
Бұл оқиға Ақжайық-2 шағын ауданы А. Әділбаев көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде орын алды. Хабарлама түсе сала лезде өрт орнына келген өрт сөндірушілер ас бөлмеде толық өртке оранған, жалындап жанып жатқан 50 литрлік газ баллонды көреді. Тез арада бірі суыту жұмыстарына кіріссе Әділет қып-қызыл болып жанып тұрған отты барынша тұмшалап, газ баллонның бұрандасын жауып, отты сөндіріп, ісініп, жарылуға шақ қалған баллонды қауіпсіз аймаққа алып шықты. Осылайша үлкен апаттың алдын алды.
Осындай өжет өрт сөндіруші жастарымыз бар да еліміздің қауіпсіздігі сенімді жандардың қолында деп айтуға болады.
С.Шойманов,
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авриялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі.
