СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
🇰🇿 Бүгін Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, аудандық бөлім басшылары және жауапты сала мамандары қатысты.
✅ Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша Төлеби ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Рүстем Раймқұлов ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының қорытындылары туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, олардың алдын алу және ашықтықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
✅ Екінші мәселе аясында Төлеби ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Кеңес жер саласына қатысты №4 үлгілік базалық бағыт (ТБН-4) бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар жер қатынастары саласындағы ашықтықты арттыру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында қабылданып жатқан шаралар хабарланды.
✅ Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай кадрларды іріктеу және тағайындау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметке қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
📌 Отырыс қорытындысында комиссия мүшелері қаралған мәселелер бойынша пікір алмасып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар қабылдады. Жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын бақылауда ұстау міндеттелді.
⚜️ Төлеби ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі 


