🇰🇿 Төлеби ауданы Жастар ресурстық орталығының ғимаратында аудандық сот төрағасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп – қоғам тірегі» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайту, азаматтардың заңға деген құрметін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған жиынға аудан басшылығы мен құқық қорғау саласының өкілдері қатысты.
✅ Аталған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, аудан прокуроры Дабыл Аянұлы қатысып, қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
✅ Жиын барысында құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер өз сөздерінде заң мен тәртіптің мемлекет тұрақтылығы мен қоғамдық келісімнің басты кепілі екенін атап өтті.
✅ Шара аясында аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері құқық бұзушылықтың салдары мен адам тағдырына әсерін бейнелейтін «Мен қателестім» атты сахналық қойылымды көпшілік назарына ұсынды. Тағылымы мол қойылым көрермендерді терең ойға жетелеп, заң талаптарын сақтаудың маңызын көркем түрде жеткізе білді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы бейнероликтер көрсетіліп, қатысушыларға тәрбиелік мәні зор ақпараттар ұсынылды.
✅ Кездесуде заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті ғана емес, елдің дамуы мен өркендеуіне қосылатын маңызды үлес екендігі айтылды. Әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, оларды жауапкершілікке тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
✅ Шара соңында қатысушылар қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында мемлекеттік органдар мен тұрғындардың өзара ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтіп, заңға бағынатын, тәртіпті қоғам қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екендігін жеткізді.
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

от admin