🇰🇿🇺🇿 Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған ресми және іскерлік делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және экономикалық байланыстарды тереңдету.
✅ Жұмыс сапары барысында Төлеби ауданы мен Ташкент облысының Бостандық ауданы арасында достық қарым-қатынастар мен өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды.
✅ Меморандумға қол қою рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, туризм мен мәдениет саласына жауапты Ташкент облысы әкімінің орынбасары Жамшид Бабажанов, Ташкент облысы инвестициялар, өнеркәсіп және сауда басқармасы басшысының бірінші орынбасары Үмиджон Убайдуллаев және Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жамшид Шукуров қатысты. Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, туристік әлеуетті бірлесіп пайдалану, мәдени байланыстарды нығайту және экономикалық әріптестікті кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
✅ Аталған құжат екі өңір арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтуға, өзара тиімді әріптестікті дамытуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды. Меморандум тараптардың тең құқықтылық, өзара құрмет, өзара тиімділік және ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделген ынтымақтастығын көздейді.
✅ Құжат аясында сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға және сыртқы сауда үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, трансшекаралық, тау және экологиялық туризм, медицина мен денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту жоспарлануда.
↪️ Меморандумға сәйкес тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша жауапты үйлестірушілерді белгілеп, тұрақты байланыс тетігін қалыптастырады. Бұл бірлескен бастамаларды тиімді іске асыруға және тәжірибе алмасуды жүйелі жолға қоюға мүмкіндік береді.
📌 Аталған құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен тату көршілік қатынастарды өңірлік деңгейде нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта тараптар ішкі мемлекеттік рәсімдер аяқталғаннан кейін екіжақты достық қатынастарды ресми түрде бекітетін келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.
⚜️ Төлеби және Бостандық аудандары арасындағы бұл бастама екі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайтуға қызмет ететін болады.
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

от admin