Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Ташкент облысының Бостанлық ауданының туристік әлеуетімен танысу жұмыстары жалғасты.
Іс-сапар барысында делегация Ташкент облысының Паркент ауданында болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық және туристік даму бағыттарымен танысты. Кездесу барысында екі өңір арасындағы өзара тиімді байланыстарды дамыту, туризм саласындағы тәжірибе алмасу, кәсіпкерлік және мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.
Нәтижесінде Төлеби ауданы мен Паркент ауданы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен Паркент ауданының әкімі Пулатов Эльмурод қол қойып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Паркент ауданымен жасалған меморандум екі өңір арасындағы достық пен серіктестік байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Құжат аясында тараптар өзара сенім, құрмет және тиімді әріптестік қағидаттарына сүйене отырып, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге келісті.
Сонымен қатар сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, кәсіпкерлік субъектілері арасындағы өзара байланысты нығайту және инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру мәселелеріне ерекше мән берілді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, тау және экологиялық туризм, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларында тәжірибе алмасу мен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Аталған келісім екі аудан арасындағы бауырластық қарым-қатынасты нығайтып, өңіраралық ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге және ортақ жобаларды табысты іске асыруға тың серпін береді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
