🇰🇿 Бүгін Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыстық ардагерлер ұйымдарының қызметіне жүргізілген мониторинг қорытындылары мен алдағы даму жоспарларын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті.
✅ Жиынға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының жауапты хатшысы Балзия Тәжібаева, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жастар саясаты департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Ақтаев, сондай-ақ ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің төрағалары, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, білім беру мекемелерінің өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері және ауыл белсенділері қатысты.
✅ Жиын барысында облыстық ардагерлер ұйымдарының қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері сараланып, ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуы, әлеуметтік қолдау шаралары, ұйым жұмысының тиімділігін арттыру және алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.
✅ Сонымен қатар «Жастар тәрбиесі – қоғамның басты міндеті» тақырыбында баяндама жасалып, ұлттық құндылықтарды насихаттау, отансүйгіштік рухты қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.
✅ Жиын қорытындысында ардагерлер ұйымдарының қоғамдағы рөлін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын дамыту және жастар тәрбиесіне бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты міндеттер айқындалды.
📌 Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып, ел болашағы саналатын жастардың саналы, білімді әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына берік негіз болатыны ерекше атап өтілді.
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
