Мемлекет басшысы туризмді экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап, өңірлердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берген. Осыған сәйкес Түркістан облысында туризмді дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысына соңғы 8 жыл ішінде 2,5 миллионнан астам турист келген. Ал 2018 жылы өңірге 186,2 мың турист келсе, 2025 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 500 мың адамға жетіп, 2,5 есеге артты. Сонымен қатар облыстың тарихи-мәдени нысандарына 10 миллионнан астам біркүндік келуші келген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарында демалғандар саны 347,8 мың адамды құрады. Оның ішінде 325 073-і – отандық туристер, 22 563-і – шетелдік туристер. Табиғи аумақтарға келушілер саны 151,9 мың адамға жетті.
Ал 2026 жылдың І тоқсанында орналастыру орындарында демалғандар саны 87,1 мың адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артты.
Туризм саласына инвестиция тарту және инфрақұрылымды жақсарту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс құрылғаннан бері салаға тартылған инвестиция көлемі 612 млрд теңгеден асып, 19,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
2025 жылдың қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 133 млрд теңгені құрады. Оның ішінде тұру және тамақтану қызметтері саласына – 78,6 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс саласына – 54,4 млрд теңге инвестиция бағытталды.
Ал осы жылдың алғашқы 5 айында туризм саласына 36,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге өсті. Оның ішінде, тұру және тамақтану қызметтері саласына – 31,3 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс саласына – 5 млрд теңге инвестиция салынды. Ал, 2025 жылдың алғашқы 5 айында бұл көрсеткіш 9,1 млрд теңгені құраған.
Өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ 5 жұлдызды «Rixos Turkistan» қонақ үйінің құрылысы аяқталды. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Төлеби ауданында «Alma-Tau» қонақ үй кешені іске қосылды.
Қазіргі таңда облыста 264 орналастыру орны жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары және балалар лагерьлері бар. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан (2018 жылы – 148 нысан).
Орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің көлемі 2025 жылдың қорытындысымен 8,5 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 7 есеге ұлғайды (2018 жылы – 1,2 млрд теңге). Ал 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 2,2 млрд теңгені құрады.
Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен жүзеге асырылуда. Облыстың туристік әлеуетін тиімді пайдалану, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және туристік қызметтердің сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер айқындалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

от admin