Ағымдағы жылдың 12 мамыр күні Көксәйек ауылдық округіне қарасты М.Х.Дулати атындағы жалпы орта мектепінде жоғары сынып оқушыларымен «Жастарды жат ағымдардан қорғау» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Төлеби ауданы аумағында дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған бекітілген жоспарына сәйкес өткізілді.

Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы М.Оразбай кездесу барысында жастардың психологиялық тұрақтылығы мен эмоционалдық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды. Ол жастардың кей жағдайда психологиялық әлсіздік пен әлеуметтік қиындықтардың әсерінен түрлі теріс топтардың ықпалына түсіп қалуы мүмкін екенін айтып, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-анамен, ұстаздармен және қоғаммен тығыз байланыс орнатудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, оқушыларды өзін-өзі дамытуға, дұрыс орта таңдауға және өмірлік мақсаттарын айқындауға шақырды.

«Дайырбек» мешітінің имамы А.Ертарғынов өз баяндамасында жат діни ағымдардың қоғамға тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндірді. Ол жастардың діни сауатсыздығын пайдаланып, түрлі радикалды топтардың өз қатарына тартуға әрекет ететінін айтып, мұндай қауіптердің алдын алу үшін білім мен рухани тәрбиенің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқушыларды сабырлылыққа, парасаттылыққа және елдің заңдарын құрметтеуге шақырып, қоғам тыныштығы мен тұрақтылығы әр азаматтың жауапкершілігі екенін жеткізді.

Кездесу барысында оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға мамандар тарапынан нақты әрі мазмұнды жауаптар беріліп, жастарға дін мен қоғам мәселелеріне қатысты жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара еркін форматта өтіп, қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.

от admin