🇰🇿 Төлеби ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылып, өңірде жүзеге асырылып жатқан өндірістік, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларындағы маңызды инвестициялық жобалар таныстырылды. Іс-шара барысында журналистер бірқатар өндіріс орындарын аралап, олардың жұмысымен, өндірістік әлеуетімен және даму жоспарларымен танысты.
✅ Алғашқы нысан – Киелітас ауылдық округіне қарасты Сұлтан Раббат ауылында орналасқан жұмыртқа лотогын өндіретін «Aik.kz» ЖШС -і болды. Құны 250 млн теңгені құрайтын жоба сағатына 2 мың дана жұмыртқа лотогын шығарады. Бүгінде мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа айлық жалақы – 250 мың теңге.
✅ Бұдан кейін БАҚ өкілдері Достық елді мекеніндегі «Fish House» ЖШС-нің балық шаруашылығында болды. Кәсіпорын форель, сазан, ақ амур және бекіре балықтарын өсіреді. Жылдық өндірістік қуаттылығы – 300 тонна. Қазіргі таңда шаруашылықта 100 тонна сазан, 20 тонна форель, 2 тонна бекіре және 40 мың сазан шабағы өсірілуде. Жобаның жалпы құны – 500 млн теңге.
✅ Баспасөз туры аясында Ленгір қаласындағы «DANA» тігін цехының жұмысы да таныстырылды. Кәсіпорын жаздық және қыстық арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады. Жылдық өндірістік қуаттылығы – 90 мың дана арнайы киім. Мекеме Жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдерін тігеді.
✅ Сонымен қатар ақпараттық топ Зертас елді мекеніндегі «Азия Милк» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Сүт бағытындағы ферма жобасының жалпы құны – 1 млрд теңге. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 2025 жылдың IV тоқсанында 564 бас, 2026 жылдың II тоқсанында 636 бас ірі қара мал жеткізіледі. Ферманың жылдық өндірістік қуаттылығы 1300–1350 тонна сүт өндіруге есептелген. Кәсіпорында 44 адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы мөлшері 120–150 мың теңгені құрайды.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы мұндай баспасөз турлары өңірде іске асырылып жатқан жобалардың ашықтығын қамтамасыз етіп, халықты нақты әрі шынайы ақпаратпен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі баспасөз турының басты мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан маңызды жобаларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке кеңінен таныстыру. Алдағы уақытта да ақпараттық ашықтықты сақтап, БАҚ-пен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз, – деді аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы.
Баспасөз туры барысында журналистер өндіріс орындарының жұмысымен тікелей танысып, жобалардың іске асырылу барысына қатысты өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Мұндай іс-шаралар өңірдің инвестициялық әлеуетін танытуға, мемлекеттік қолдау нәтижесінде жүзеге асып жатқан жобаларды насихаттауға және қоғамды ашық ақпаратпен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі 







