🇰🇿 Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Төлеби ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиында ақпарат саласының өкілдеріне құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы маңызды қызметі мен ел дамуына қосып жүрген үлесі жоғары бағаланды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ақпарат саласының ардагерлері мен журналистер қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысының бастамалары мен реформаларын халыққа жан-жақты түсіндіруде, ел мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
– Журналист – қоғамның үні, елдің шынайы шежіресін жазатын тұлға. Сіздер Мемлекет басшысының реформаларын халыққа жан-жақты түсіндіріп, қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналып келесіздер. Жағымды жаңалықтар арқылы елдің еңсесін көтеріп, орынды сын-пікірлеріңізбен қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп жүрсіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін абыройлы қызмет. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс және отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Бағдатбек Пердебайұлы.
Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне ерекше тоқталып, журналистердің адал еңбегі халықтың сенімін нығайтып, елдің дамуына қызмет ететін маңызды күш екенін атап өтті. Сонымен қатар, ақпарат саласы қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс, кәсіби жетістік пен отбасыларына амандық тіледі.
Салтанатты жиын барысында ауданның қоғамдық-саяси өмірін кеңінен насихаттап, ақпарат саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар журналистер мен сала ардагерлері Төлеби ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихатының Грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

от admin