1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Цифрлық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігі» атты онкүндік аясында Тәуелсіздік саябағында «Балалық шақ – бақыт мекені» тақырыбында ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қауіпсіз ортада қуанышты мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.
Саябақ аумағында балаларға арналған арнайы «Өнерлілер», «Асық ату», «Суретшілер», «Мергендер», «Ертегілер», «Ептілер мен мықтылар» бекеттері жұмыс жасап, қатысушылар өз өнерлері мен шеберліктерін көрсетіп, түрлі танымдық және спорттық ойындарға белсене қатысты.
Мерекелік іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Жанғазиев Бағдатбек Пердебайұлы құттықтау сөзімен ашып, балаларға жарқын болашақ, зор денсаулық пен бақыт тіледі. Сонымен қатар, Төлеби ауданының білім бөлімінің басшысы Нұрабаева Шұға Тұрмаханбетқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалибеков Қанат Жұмағұлұлы, аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесінің өкілдері қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
Іс-шараға 500-ден астам оқушы қатысып, әр бекетте ұйымдастырылған қызықты ойындар мен сайыстарға белсенді араласты. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі мерекенің сәнін келтіріп, ерекше әсер сыйлады.
Балалар – еліміздің жарқын болашағы. Олардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай тағылымды әрі көңілді іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында достық, бірлік, шығармашылық және белсенді өмір салты құндылықтары қалыптасады.
Барша бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймыз! Балалық шақтары қуанышқа, бақытқа және жарқын сәттерге толы болсын!
Төлеби ауданының білім бөлімі
