Жасөспірімдер арасында орын алатын келеңсіз жағдайлардың, оның ішінде суицидтің алдын алу және ата-аналардың тәрбиелік жауапкершілігін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында ата-аналарға арналған «Өмір сақшылары» көркем фильмінің көрсетілімін ұйымдастыру жоспарлануда.
Осыған байланысты фильмнің мазмұны мен тәрбиелік маңызын кеңінен түсіндіру мақсатында ауданымыздағы білім беру ұйымдарының директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтарының қатысуымен арнайы көрсетілім Төлеби аудандық білім бөлімінде ұйымдастырылып өткізілді.
Іс-шара барысында қатысушылар фильмде көтерілген өзекті мәселелерді талқылап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың психологиялық саулығын сақтау және ата-аналармен бірлескен профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытында пікір алмасты.
Сонымен қатар, әр білім беру ұйымында ата-аналарға фильм көрсетілімін ұйымдастыру бойынша нақты кесте түзіліп, аталған жұмысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берілді.
«Өмір сақшылары» фильмі – жасөспірімдердің өмірлік қиын жағдайларға тап болған кездегі психологиялық күйін түсінуге, олардың жан дүниесіне назар аударуға және дер кезінде қолдау көрсетуге үндейтін маңызды туынды.
Балалардың қауіпсіздігі мен амандығы – баршамыздың ортақ міндетіміз!
Төлеби ауданының білім бөлімі
